Алматы полицейлері қымбат шетел көліктерінің айналарын ұрлаған жасөспірімдерді ұстады

АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қала полицейлері қымбат шетел көліктерінің айналарын ұрлаған жасөспірімдердің қылмысын әшкереледі.

 Алматы полицейлері қымбат шетел көліктерінің айналарын ұрлаған жасөспірімдерді ұстады

Шет елдік қымбат көліктердің айналарын ұрлаумен айналысқан жасөспірімдердің бірі әлі кәмелеттік жасқа да толмаған қаладағы балалар үйлерінің бірінің тәрбиеленушісі болып шыққан. Олар өз істерін түнгі уақытта күзеті жоқ тұрақтарда және қаланың «элиталық» аудандары мен ірі сауда орындарының маңында жүзеге асырған.

«Бір түн ішінде олар 5-6 автокөлікті тонаған. Ал қылмыстық жолмен тапқан олжалары күнбе-күн жүздеген мың теңгені құраған, әрбір айнаның екі жұбы, мысалға «Лексус» автокөлігінікі 100 мың теңгеден астам болса, «Мерседестікі» 85 мың теңге тұрады. Ертемен ұрлағандарын қаланың әртүрлі сауда нүктелеріне бес есе арзан бағаға саудалаған. Қазіргі уақытта процессуалды жолмен олардың 13 оқиғаға қатыстылығы дәлелденді»,- дейді Алматы қаласы ІІД Криминалды полиция басқармасының мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Арсен Баймұханбетов.