Алматы полицейлері өз пәтерінде есірткі саудалап келген әйелді құрықтады
АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматының 43 жастағы тұрғыны есірткіні өз пәтерінде саудалап келген. Татьяна есімді әйелдің үш бөлмелі үйі есірткіні тұрақты пайдаланатын нашақорлардың баспанасына айналған.
«Жақында есірткінің көптеген түрін саудалап келген бұл әйелдің күйеуі біздің құрығымызға ілінген болатын. Істеген қылмысына қарай сот оны бес жылға бас бостандығынан айырған еді. Күйеуі қамалған соң оның «бизнесін» әйелі өз қолына алып, есірткіні бұрынғы тұтынушыларына саудалаған. Сонымен қатар ол өте сақтықпен тек тұрақты әрі тексерілген сатып алушылармен ғана жұмыс істеген", -дейді Алматы қаласы ІІД-нің Есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция майоры Денис Лоскутов.
Көп ұзамай отбасылық бизнесті жалғастырушы да Есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкерлерінің тізіміне ілінеді. Оны құрықтамас бұрын барлау бөлімінің қызметкерлері бірнеше рет есірткі сатып алып, аудио және бейне түсірілімдер жасаған. Әйел тұтынушыға героин саудалау барысында ұсталған.
"Арнайы операция кезінде алдын- ала әзірленіп қойылған 14 мың теңге мен саудаға шығарылған есірткі тәркіленген. Сонымен қатар тексеріс кезінде ас үйдегі мұздатқыштың артында героинді тыққан жасырын орын табылған. Табылған барлық есірткі заттары химиялық сарапқа жіберіліп, нәтижесінде ұнтақтың салмағы мен құрамы анықталды", -дейді майор.
Татьяна есірткіні өзінің кішкентай екі қызы мен бірге тұрып жатқан әпкесінің көзінше саудалаған. Ұсталған әйел жауапкершіліктен құтылу үшін, кінәсін өз туыстарына жауып, бұл қылмысқа солардың тікелей қатысы бар екендігін айтқан. Тергеушілер оның берген жауабын тексеру үстінде.