18:54, 12 Наурыз 2016 | GMT +5
Алматы полицейлері Президенттік тест тапсырды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1500-дей полиция қызметкері дене даярлығы бойынша Президенттік тест тапсырды. Сынақ дәстүрлі түрде «Динамо» стадионында өтті. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жүгіруге Ішкі істер департаментінің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің өкілдері қатысты. Жүгіру қашықтығы - 2 шақырым 400 метр болды. Қатысушылардың жас мөлшеріне байланысты уақыттық шектеулер қойылды.
Жалпы, тұрғындардың дене даярлығы бойынша Президенттік тест нормативтерін қабылдау ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсанда шығарған қаулысы негізінде жүзеге асырылып келеді.
Шараның мақсаты - саламатты өмір салтын насихаттау және қызметкерлеріміздің дене даярлығы деңгейін арттыру», - деді осыған орай Алматы қалалық ІІД Кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Олжас Мырзабеков.
Айта кетелік, қатысушылардың барлығы Президенттік тестіні үздік тапсырды.