Алматы полицейлері «Стоп, трафик» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізуде
АЛМАТЫ. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Стоп, трафик» жедел алдын алу іс-шарасы адам саудасы, жеңгетайлық, адам ұрлау мен өз мақсатына пайдалану үшін бас бостандығынан айыру саласындағы қылмыстарды ашуға бағытталған,
деп мәлімдейді қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Бұл қылмыстың алдын алу мен тыю жолындағы алғашқы қадам адамдарды хабардар ету болып табылады. Жұртшылықтың кең ауқымын қамтыған бұл шара алдын-ала сақтандыру үлгілерімен таныстырып, адам саудасы, еңбек және жыныстық қанаушылықпен күрестің әдіс-тәсілдері мен жазалау тұрғысында өрбіді.
«Шараны өткізуде, сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдар мен психологтар да белсенді атсалысуда. Негізінен, адам саудасының құрбаны болатындар, әсіресе, жыныстық құлдыққа пайдаланылатын жас келіншектер. Олардың көпшілігі өз отбасының жағдайын жақсарту үшін саудагерлердің шырмауына түседі. Сонымен қатар жеңіл жүрісті қыздардың жартысы өздері орындауға тиісті жұмыстың сипатынан хабардар болғандар. Демек, олар жезөкшеліктің пайдасына түсіне тұра өз еркімен барғандар»,- деп хабарлады Алматы қаласының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Таңат Назанов.
«Стоп, трафиктің» басты бағыттарының бірі жезөкшелікпен айналысудың астыртын нүктелерін жою болып табылады. Шара барысында адам саудасымен айналысатындарды тұтқындау мен олардың жолын кесу, жеңгетайлық, секс притондар ұстау, сонымен қатар жезөкшелікке мәжбүрлеу, жыныстық қызмет көрсетуі үшін адамдарды ұрлау мен бас бостандығынан айыру мақсатында жедел уәкілдермен қаланың барлық көңіл көтеретін және ойын-сауық мекемелері тексерілген.
"Шара кезінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 17-жасар Өзбекстан азаматшасын алдау жолымен жезөкшелікпен айналысуға тартқан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының 40-жасар тұрғынын ұстады. Ол көрші елдің кәмелеттік жасқа толмаған қызын бірнеше ай бұрын жыныстық қызмет көрсетуге пайдалану мақсатында заңсыз жолмен алып шыққан. Нәтижесінде жыныстық құлдықтағы қыз күш қолданудан қорқып, Желтоқсан көшесіндегі жалдамалы пәтерде олардың айтқанын орындап келген. Клиенттерді жеңгетай өзі алып келіп отырған. Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы барлардың бәрі анықталып, ұсталды»,- деп сөзін тұжырымдады Т.Назанов.
Жедел-алдын алу іс-шарасы аясында бақылау күшейтіліп, жеңіл жүрісті қыздар арнайы есепке тіркелмек.
2011 жылдың басынан бері ІІД ҰҚҚКБ қызметкерлерімен адам саудасының 9 фактісі анықталып, оның бесеуіне сот үкім шығарған. Бандының басшысы 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Сонымен бірге тәтіп сақшылары адам ұрлаудың және заңсыз бас бостандығынан айырудың 10 фактісі, 20-ға жуық жезөкшелікпен айналысуға тарту және жеңгетайлықтың 20 фактісі анықталған.