Алматы полицейлері тағы бір алаяқты ұстады
АЛМАТЫ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - Алматының Түрксіб ауданының 53-жасар тұрғынының пысықтығы соншалық, оның кең көлемдегі қызмет ауқымына жер телімін тауып беруге көмектесуден бастап,
отырғандардың қылмыс мерзімін қысқартуға, сонымен қатар қамаудан азат етуге жәрдемдесу де кірген көрінеді. Әрине, өзінің мұндай «қызметін» Иван өте жоғары бағалаған, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметінен Гүлнәр Жаманқұлова.
«Негізінде, ол өзінің танысынан 120 мың доллар алған және оған жер телімін тауып беруге көмектесемін деп уәде берген. Тағы бір адамнан күдікті 50 мың доллар көлемінде ақша алған. Ол оған қылмыстық істе көмектесемін және тұтқындағы адамды қамаудан шығарып беремін деп уәде еткен. Жәбірленушілерден арыз бізге бұдан бірнеше күн бұрын түскен болатын. Жоспарланған жедел-іздестіру іс-шарасының негізінде күдікті анықталып,ол қолға түсті», деп хабарлады Медеу аудандық ІІБ Криминалды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Қаспақбаев.
Айтқандай, ұсталған адам бұл ақшаларды өзінің бизнесін дамыту үшін таныстарынан тек қарызға алғанын айтып ақталуда. Оның сөзіне қарағанда, мәселенің бәрі ақшаны қайтарылу уақытының кешеуілдеуінде болса керек. Шындығында, екі жәбірленушінің айтуы бойынша, бәрі керісінше.
«Ұсталған күдіктіге айып тағылып, біздің бөлімшеде оның үстінен 177-баптың 3-бөлімі бойынша - аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жауап алу кезінде ол жер телімі үшін берілген барлық ақшаны бір ер адамға бергені туралы айтты. Ол мұны өзінен күмәнді сейілту мақсатында айтып отыруы ықтимал. Бізге мәлім болғаны, ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған», деп сөзін тұжырымдады Мұрат Қаспақбаев.
«Бұл жолы да алаяқтың салиқалы да зиялы түр-келбеті азаматтарға сенім ұялатып, олар еш күдіктенбестен ірі көлемдегі ақшалай қаражаттарын бейтаныс адамға бере салған. Жәбірленушінің екеуі де Иванның оларға ешқандай күдік ұялатпағанын, тіптен оның адамгершілігі мол жан сияқты көрінгенін айтады. Негізінен, алаяқтардың көбісі осындай елеулі қасиеттерге ие екенін айтады мамандар», деп тұжырымдайды Гүлнәр Жаманқұлова.