Алматы полицейлері «Таза қала» іс-шарасын бастады
АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда ішкі істер депратаменті «Таза қала» іс-шарасын бастады,
деп хабарлайды қазАқпарат.Ол көлік құралдарының тротуарларда, гүлзарларда, балалар мен спорт алаңдарында тоқтау және тұрақтау ережесінің орындалуы мен аулалардың санитарлық жағдайын сақтауға бағытталған. Оған ішкі істер департаментінің барлық қызметтері мен құрылымдары тартылмақ. «Бұл алдын алу шарасы маусымның 17-сіне дейін жалғасады. Мақсат ? жол жүру бөлігінде қоқыстардың тасталуы, экологиялық нормалардың бұзылуы және қоршаған ортаны ластаушы улы газдарды белгіленген мөлшерден асыруға қатысты деректерді анықтау. Шара кезінде жол полициясы басқармасы автокөліктердің сыртқы көріністеріне де айрықша мән беретін болады», - дейді Жол полициясы басқармасы жеке батальонының командирі Манап Саттаров. Полиция майорының айтуынша, жол сақшылары сондай-ақ учаскелік инспекторлармен бірлесіп тұрғын үйлер ауласында иесіз қалған, пайдаланымда жоқ көліктерді анықтауға бағытталған қосымша рейдтер өткізбек. Ал өзендерде, далалық жерлердегі қараусыз қалған автокөліктер тікұшақтың көмегімен анықталады.