Алматы полицейлері тонаумен айналысып келген қылмыскерді ұстады
АЛМАТЫ. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда бірнеше қызды алдап, ақшасын тартып алып отырған 27 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны құрықталды.
"Күдікті қыздармен танысып, өзінің келісті келбеті мен шешен тілінің арқасында олардың сеніміне кіріп, алдын ала жалдап қойған пәтеріне шақырып отырған. Сонымен қатар олардың танысуы алкогольді ішімдік ішумен жалғасып отырған. Жігіттің құрығына ілінгендер ақыл-есін жоғалта бастағанда, қылмыскер оларды пәтерге қамап, ақшалары мен алтын бұйымдарын, ұялы телефондарын күштеп алып кетіп отырған. Қаскүнемнің соңғы табысы 334 мың теңге мен екі қымбат ұялы телефон және қымбат тасты алқаны құраған", -дейді қарақшылық шабуыл мен тонау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Зияддин.
Қылмыскерді тәртіп сақшылары өткен аптада ұстаған. Тергеушілер бұл жігіттің өз құрбандарының сусынына ақыл-естен айыратын дәрілерді салып отыруы мүмкін деген пайымды жоққа шығармайды.
"Қылмыскердің ондай әрекеті арнайы сараптамалық жұмыстардан кейін белгілі болады. Әзірге тергеу жұмыстары бұл жігіттің кем дегенде осындай 5 қылмыстық іске барғандығын анықтап отыр. Тонаушының құрбандар саны уақыт өткен сайын өсе түсетіндігін жоққа шығармаймыз. Өйткені ол Алматыға жаздың басында келген және еш жерде тұрақты жұмыс атқармаған. Алайда қымбат пәтерлерді жалдап, бағалы заттар алып отырған. Оңтүстік Қазақстанда да оның қылмыстық істерге қатысы бар- жоқтығын анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізілуде. Б. есімді бұл азамат осыған дейін еш қылмыстық жауапқа тартылмаған. Тергеу жұмыстары жалғасуда", -деп атап өтті подполковник Зияддин.