Алматы полицейлері тұрғын үй аулаларын тәулік бойы бақылауға кірісті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыны дамытудың басты бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздік. Қалалық Полиция департаменті аулалар мен қараңғы учаскелерді ескере отырып, патруль жүргізу тәртібін қайта қарады. Бұл туралы полицияның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, мегаполисте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету форматы өзгерді. Бұдан былай, сыртқы қызметтер тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындарға жіті бақылау жүргізеді.
«Әр аудандағы барынша криминалдық учаскелер мен қылмыс болатын жерлер уақыт, күн, апта бойынша сарапталды. Жаяу және автоэкипаж нарядтары енді көпқабатты үйдердің аулаларын да қадағалайтын болады», - деп хабарлады қалалық Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев.

Алғашқы ауысым өздеріне тапсырылған учаскедегі тәртіпті сағат 08.00-16.00 аралығында, екіншісі сағат 16.00-00.00-ге дейін, ал үшінші кезек 00.00-08.00 аралығында қадағалайды. Әрбір криминалдық учаскеге қатысты аулаларды түгел қамтитын жеке бағыттар белгіленді. Мұнда жаяу патрульдеудің уақыты, бағыты көрсетілген.
Қылмыстың алдын алуға қатысты кешенді шараларды жүргізудің нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс деңгейі 25,4%, көшелердегі қылмыс 30,7% төмендеген.
«Сонымен қатар әкімшілік тәртіп бұзушылыққа «нөлдік төзімдік» принципі қалыптасуда. 111 мыңнан астам әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталды, айыппұл сомасы 979 млн теңгеден астам. Қала полициясы жүргізіп жатқан ескерту шаралары құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға ықпал ететін болады», - деп атап өтті С. Күдебаев.