Алматы полицейлері тұрғындарды тіркелмеген қаруларын өткізуге шақырды

Қалалық ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Кененбаевтың айтуынша, өз еркімен қаруларын полицияға тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Еске сала кетейік, қазіргі кезде Алматыда «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. 20 қыркүйек күні басталған шараның басты мақсаты - жедел ахуалды сауықтыру, атыс қаруы және жарылғыш заттар мен жарылғыш қондырғыларды қолдану арқылы жасалынатын қылмыстарды ашу, алдын-ала ескерту. «Ереже бойынша, «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлер тіркелген қару иелерінің барлығын, арнайы дүкендер мен күзет фирмаларын тексеретін болады. Бұл күндері ауыр қылмыстарды жасауда қару қолданатын қылмыскерлер мен есепте тұрған бұзақыларды бақылау күшейтіледі», - деп хабарлады.
Шара кезінде күшейтілген қызмет түрімен қатар, алматылық полицияның сыртқы қызметі де жұмылдырылды. Патрульдік полицейлер, учаскелік уәкілдер, жол полицейлері қару мен жарылғыш заттарды сақтауға байланысты барлық күдікті адамдарды тексереді.
Алматы қаласының ІІД лицензиялық-рұқсат ету жүйесі қызметкерлерінің мәліметі бойынша, жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы бері заңсыз сақталған 12 бірлік қару тәркіленді, оның ішінде 1-шолақ мылтық, 3-тегіс ұңғылы кезік, 6 газ тапаншасы, 1 травматикалық қару, 59 оқ және т.б. қарулар алынды. Тіркелген қарудың 2271 жеке қожайындары тексерілді. Олардың 144-і қару сақтау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.