17:57, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматы полицейлері жасөспірімді кепілдікке алған Қырғызстан азаматтарын қолға түсірді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматының полиция қызметкерлері жасөспірімді ұрлап әкетіп, анасынан ақша талап еткен Қырғызстан азаматтарын қолға түсірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Тіл саясаты және ақпарат басқармасына сілтеме жасап.Қаңтардың 12-сі күні Алматы қаласындағы гимназиялардың бірінде оқитын жасөспірімді мектептен үйге қайтып келе жатқан мезетте белгісіз біреулер ұрлап әкеткен. Баласының кешігуінен сезіктенген анасы Түрксіб аудандық ішкі істер бөліміне хабарласады.Қылмыскерлер баланың анасынан 60 мың доллар талап етіп, ақшаны табуға 2 сағат уақыт береді. Алайда олар келісілген уақытта межелі жерге келмей қалған.Полиция қызметкерлерінен құралған жедел топ жасөспірімнің анасының жақындарына тергеу-тексеру шараларын жүргізді. Адам ұрлауды оның құрбысының жерлестері іске асырған. Олар бала анасының жақын арада пәтер сатып, көп мөлшерде ақшаға ие болатындығынан хабардар екен. Ұрлықшы топты тұтқындау шарасы Алматының 5-ші шағынауданында жүзеге асырылды. Бала аман-есен босатылды. Қылмыскерлер Қырғызстан азаматтары екендігі анықталып отыр.