Алматы полициясы бір жылға жуық іздеуде болған алаяқты ұстады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаскөй Алматы облысы Талғар қаласында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұсталды. Ол 1988 жылы туған Б. есімді азамат болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол 2019 жылы қылмыстық жоспарын құрғ ан.
Алмалы аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Есен Ысқақовтың айтуынша, Б. есімді азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлімі (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта тергеу 3 қылмыстық эпизодты дәлелдеді. Ал жалпы шығын көлемі 12 миллион теңгеден асады. Қаскөй алдын ала ойлап тапқан жоспар бойынша «жұмыс істеді». Ол адамдардың сеніміне кіріп, кепілдікке қойылған көліктерді нарықтық бағадан төмен сомаға сатып алуды ұсынды. Жәбірленушілерге интернеттен алынған көліктердің суреттерін көрсетті. Адамдар «сатып алу» үшін 100% төлем төлеген», - деді Есен Ысқақов.
Бұрын жас жігіттің заңмен ешқандай мәселесі болмаған екен. Алайда, полиция қызметкерлері бұл адамның қолынан зардап шеккендердің көп екендігіне сенімді.