Алматы полициясы қаланың ірі көңіл көтеру орындарында кеңейтілген тексеру жүргізді

АЛМАТЫ. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы полициясы есірткі қылмыстарын әшкерелеу мақсатында қаланың ірі көңіл көтеру орындарында кеңейтілген тексеру жүргізді.

Алматы полициясы қаланың ірі көңіл көтеру орындарында кеңейтілген тексеру жүргізді

Ең алдымен есірткімен күресушілер назарына демалыс күндері жастар көп жиналатын түнгі клубтар ілікті. «Біз апта сайын есірткі қолданушылар мен таратушыларды анықтау мақсатында қаланың ірі көңіл көтеру орындарында тексеру жүргізіп отырамыз. Олардың арасында сол жердің күзетшілерінің де есірткі қолданатындары болады. Тексеру жұмыстарына біз әкімдік қызметкерлері, «Нұр Отан» ХДП жастар қанатының өкілдері, сондай-ақ, сағат 23:00-тен кейін түнгі клубта жүретін жасөспірімдерді анықтау үшін кәмелетке толмағандар ісі инспекторларын да қатыстырып отырмыз», - деді Алматы қалалық ІІД Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқарма бастығы, полиция майоры Денис Лоскутов.

Жедел іздестірушілер «Арлан» және «Бүркіт» арнайы із кесушілерінің көмегімен бір түнде 12 көңіл көтеру ғимаратын тексерді. Полицейлер негізінен келушілермен бірге, көбіне есірткі саудалаушы боп шығатын сол жердің қызметкерлерін де жіті қадағалауда ұстады. Мекеменің күдік тудырған қызметкерлері медициналық куәландыруға жеткізілді. Мекемелердің бірінде таңға жуық есірткінің буында жүрген бір келуші ұсталды. Тексеру барысында оның шалбарының қалтасынан есірткі ұнтағы оралған түйіншек шықты. Ол өз орталарында «Кристалл» деп аталатын өте қатты әсер ететін есірткі түрі болып табылады.

«Ол үшін клуб әкімшілігі өз мекемесінде есірткі пайдалануға жол бергені үшін жауапқа тартылатын болады. Кейбір заңнамалық актілердегі толықтыруларға сай, осы есірткі бизнесіне қатысы бар деген барлық мүшелер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Соның ішінде, есірткі табылған түнгі клубтардың басшылары енді өз иеліктері аумағында есірткі қолдануға жол берген тұлғалар болып табылады», - деп түйіндеді майор Д.Лоскутов.

Айта кетейік, 2010 жылы Алматы қаласының есірткімен күресушілері 100-ден аса түнгі көңіл көтеру орындарында жедел-профилактикалық шара жүргізген еді. Нәтижесінде 8 есірткі түсімі дерегі анықталды. Сонымен қатар, бірнеше рет осы клубтардың күзетшілері мен ди-джей, бармендері таратушылар ретінде ұсталған болатын.