Алматы полициясы қоғамдық көлікте ұялы телефон ұрлағандарды ұстады (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы қоғамдық көлікте ұялы телефон ұрлағандарды ұстады. Телефонын әкеп берген полицейлерге ер адам таң қалды. Ол өзінің қалта қаққыштардың құрбаны болғанын аңғармаған.
«Ұсталғандар өздерінің бұл қылмысқа алғаш рет барғандарын айтқан. Алайда, тексеру нәтижесінде үлкені бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды», - деді ІІД өкілі Жанболат Зиадин.
Жыл басынан бері Алматы полицейлерінің арасында арнайы топ құрылғанын айта кету керек. Штаттық киімдегі полицейлер қоғамдық көліктердегі тәртіпті қадағалауды бастады.
Қазірдің өзінде 100-ге жуық қалта қаққыштың қылмысы ашылды.