Алматы полициясы «Корова бар» дәмханасындағы өртке байланысты сотқа дейінгі тергеу шарасын қолға алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы «Корова бар» дәмханасындағы өртке байланысты сотқа дейінгі тергеу шарасын жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
«Бұл факт ҚР Қылмыстық Кодексінің 292-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу тізіліміне енгізілді. Бұл жайындағы өндірісті Алматы қалалық ІІД Тергеу жүргізу басқармасы жүзеге асырып жатыр.
Тергеу барысында өрттің шығу себебін және басқа да жағдаяттарды анықтау үшін, өрт-техникалық сараптама тағайындалды», - деді өз сөзінде Алматы қалалық ІІД Тергеу жүргізу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рүстем Әбдірахманов.
Айта кетелік, 10 мамырға қараған түні, таңғы сағат 04:37-де Абылай хан көшесі 121 А мекенжайында орналасқан «Корова бар» дәмханасынан өрт шыққан болатын. Өрт сөндіру барысында барлығы 7 адам құтқарылып, 120 адам эвакуацияланды. Олардың ішінде үш бала бар. Бір адам уытты газға улану нышанымен ауруханаға жатқызылды. Басқалай зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Тілсіз жауды жоюға Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 115 адам мен 21 арнайы техника, сондай-ақ, жергілікті полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем дәрігерлері, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт таңғы сағат 05:52-де ауыздықталып, 06 сағат 36 минутта толығын сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы - 1100 шаршы метрді құрады.
Сол күні күндіз оқиға орнында қала әкімі Бауыржан Байбек болып, кафенің меншік иелеріне тұрғын үйлердің зақымдалған пәтерлерін үш күн ішінде қалпына келтіруді тапсырды.