Алматы полициясы түнде көше кезіп, сауда жасаған балалардың ата-анасын жауапқа тартты

АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматының Медеу ауданында түнде жол ортасында сауда жасап тұрған жасөсіпірімдер тобы анықталды. Назарбаев пен Әл-Фараби көшелері қиылысқан тұсында 3 жасөспірім көліктерді аралап жүріп, банан сатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы полициясы түнде көше кезіп, сауда жасаған балалардың ата-анасын жауапқа тартты

«Балалар көліктердің қозғалысының тығыздығына жол бойында сауда жасап жүр. Біріншіден, бұдан бірінші кезекте балалардың өмірініе қауіп төнеді, екіншіден, жол қозғалысының қатусышыларына қауіп тудырады. Оның үстіне кәмелеттік жасқа толмағандардың сағат 23.00-ден кейін үлкендерсіз көшеде жүруі заңсыз. Ұсталған 14,16,17 жастағы балалар Жамбыл мен Алматы облысы өңірлерінен келген. Олар заңды өкілдеріне тапсырылмас бұрын кәмелетке толмаған балалардың бейімдеу орталығына берілді. ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұратын үйінен тыс жерде болуына орай хаттама толтырылды. Олардың ішіндегі қыз баланың ата-анасына әкімшілік жаза тағайындалды. Қалғандарының ата-аналары іздестіріліп жатыр. Балаларын қадағаламай,олардың түнде жүруіне жол бергені үшін міндетті түрде жауапқа тартылады»,-деді Алматы ІІД жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімі бастығы Лейла Әліпбаева.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары үлкендердің балаларын бақылаусыз қалдырмауын қатаң ескертеді.

«Ірі мегаполистегі қаупсіздік шарттары мен ережелері балаларға да ортақ. Жасөспірімдер ортасындағы қылмыспен күресу үшін үнемі тексерістер, рейдтер мен алдын алу акциялары жүргізіледі. Қазір қалада «Жасөспірім және көше» шарасы өтіп жатыр. Жұмыс барысында жағдайы нашар отбасынан шыққан балалар, сабаққа бармағандары, қаңғыбастыққа салынғандар, үлкендердің қарауынсыз қалғандар анықталуда. Жол ортасында банан, шар сатып, қағаз таратындардың ата-аналары да жазадан құтылмайды»,-деді Лейла Әліпбаева.