Алматы полициясы заңсыз пәтер ұсынуды реттеу жұмыстарын жүргізді

АЛМАТЫ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қаласының Сейфуллин және Абылай хан даңғылдарындағы пәтер жалдамаларын реттеу жұмыстары жүргізілді,

 Алматы полициясы заңсыз пәтер ұсынуды реттеу жұмыстарын жүргізді

деп хабарлайды Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметі.

Жедел-профилактикалық шара қаланың ішінара тұрақтылығын сақтау мен құқықбұзушылықтар мен қылмысқа жол бермеу мақсатында өткізілді. Қазір қаланың орталығындағы екі даңғыл қатаң бақылауға алынған.

«Өздерін «маклер» дейтін пәтер ұсынушылар тұтынушыларға анайы түрде жеңіл жүрісті қыздарды ұсынуға көшкен. Бұл жағдай жезөкшеліктің және басқа да қылмыстардың қанат жаюына әкеп соғуда. Сондықтан, осындай жөнсіздіктерге жол бермес үшін әрдайым тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізіп отырамыз», деді Алматы қалалық ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полковник Нұрлан Алмасбеков.

Жүргізілген жұмыстардың алғашқы 3 күндік қорытындысы бойынша, Алмалы аудандық ІІБ-на Абылай хан даңғылы бойынан «пәтер ұсынушы» 250 азамат келіп түскен. Олардың ішінде 8 адам ел аумағында тіркеусіз және құжатсыз тұрып жатқандығы үшін, 9 адам тұрғын үй тәртібін бұзғандығы үшін және 5-еуі жол ережесін өрескел бұзғандығы үшін әкімшілік жауапқа тартылуда.

«Олардың ішінде бірен-сараны ғана осы қызметі үшін арнайы патентке ие. Қалғандары салық төлеуден жасырынып жүрген жалдамалылар. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылар туралы жиналған барлық мәліметтер шешім шығарылу үшін Алмалы аудандық салық комитетіне жіберілді. Дәл осындай жағдай Сейфуллин даңғылына да тән. Онда да бір күннің ішінде 23 адам ұсталған. Олардың 17-сі көшеде тұрып жұмыс іздеушілер болса, 8-і құжатсыз болып шықты», дейді полиция полковнигі. Сонымен қатар, ол ондай азаматтар құқық бұзушылықтарымен қоймай, өздеріне жақын көршілес тұрғындардың да мазасын алатынын айта келе, бұл жағдайда сенім телефонына дереу хабарласу керектігін атап өтті.