Алматы полициясы жаңа автобустарды бүлдіргендерді іздестіріп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы жаңадан әкелінген автобустарға зақым келтірген адамдарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы полициясы жаңа автобустарды бүлдіргендерді іздестіріп жатыр

Citybus компаниясының басшылығы көліктеріне белгісіз біреулердің қасқанаға зақым келтіргендігін айтып шағым түсірген. Компания өкілдері №19, 98, 99 бағдарындағы автобустарға пневматикалық қарудан оқ атылған деген пікірде. Оқ автобустардың алдыңғы және бүйіріндегі терезелерін қиратқан. Бұзақылардың кесірінен компанияға келген шығын 600 мың теңгені құрады.

Автобустарда бейнекамералар бар, алайда олардың көмегімен көліктерге зиян келтіріп отырған адамдарды анықтау мүмкін болмай отыр.

«Осы оқиға бойынша іс Алатау аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеруден соң бұл іске квалификация беріледі. Автобустардың неліктен мұндай жағдайға ұшырағандығы анықталады. Автобусқа пневматикалық қарудан зақым келді ме, әлде басқадай жағдай болды ма, ол жағын анықтаймыз», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұзылған атвобустар әзірге рейске шықпай тұр. Оларды жөндеуге біраз уақыт кетеді.