Алматы полициясы жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қадағалау мақсатында «Ашық есік күндерін» өткізуде
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қадағалау мақсатында «Ашық есік күндерін» өткізуде.
Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай шаралардың бірі қалалық ішкі істер департаментінің базасында өтті. Оған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ Алматы полициясының қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
«Бұл жаңа шара «Тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды өткізу» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Ол алдын ала бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы құлағдар етілді. Сондықтан оған қала тұрғындары да қатысты. «Ашық есік күндері» аясында ішкі істер департаментіне 50-шақты адам келді. Олардың көпшілігін полиция қызметкерлері жұмысының ерекшелігі, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ белгілі бір қылмыстық істер бойынша зерттеулердің нәтижелері қызықтырды. Ал кейбір қала тұрғындары Алматы полициясының жұмысын жақсарту, тиімділігін арттыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, құқықтық тәртіп орнатуда және қылмыспен күресуде полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдірді», - деді өз сөзінде Алматы қ. ІІД Кадрлық жұмыс басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Олжас Мырзабеков.
Осындай шаралар өткізу мақсатында құрылған комиссия мүшелері мұндай жұмыстардың алдағы уақытта жалғаса беретіндігін жеткізді. Енді олар Алматының сегіз ауданының ішкі істер басқармалары базасында жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы және оны түсіндіру бойынша «Ашық есік күндерін» өткізеді.