Алматы полициясы жолдағы тәртіпті квадрокоптермен бақыламақ
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полицейлер жол трафигіне мониторинг жүргізу және ереже бұзғандарды анықтау мақсатында квадрокоптерлер сатып алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кептелістерге байланысты әрі жол-көлік оқиғаларын анықтау тиімділігін арттыру үшін квадрокоптерлерді пайдалануды жоспарлап отырмыз. Оларды әлем елдері пайдалана бастағанына біраз болды. Біз де алдағы уақытта оны полиция жұмысына қосуды ойластырып жатырмыз», - дейді Алматы ІІД бастығы Серік Күдебаев ІТ-индустрия өкілдерімен кездесуде.
«Қауіпсіздікті цифрландыру» тақырыбымен өткен шарада ол айыппұлдарды ресімдеу және сыбайлас жемқорлықты жою үшін желтоқсанға қарай жол-патрульдік полициясының қызметкерлері мен арнайы батальонға жаңа планшеттер берілетінін жеткізді. Бұған мемлекеттік бюджеттен 224 млн теңге қаражат бөлінген.
Бұдан тыс, полиция қызметкерлері қылмыстық істерді электронды форматта жүргізе бастады.
«Бас прокуратураның бастамасымен, электронды-қылмыстық істерді меңгеріп жатырмыз. Бүгінгі таңда мыңға жуық қылмыстық істі электронды форматта жасап шықтық. Сотқа 429 істі жібердік, бұл небәрі 2% болса да, біз бұл тұрғыда республика бойынша алдыңғы қатарда келеміз», - дейді ол.