Алматы сақшылары көліктердің автотұрақтар мен аялдамаларда ереже бұзушылығын анықтауда

АЛМАТЫ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда 23-25-ші тамыз аралығында Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтауға бағытталған «Автотұрақ» алдын алу шарасы өтіп жатыр,

Алматы сақшылары көліктердің автотұрақтар мен аялдамаларда ереже бұзушылығын анықтауда

деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы ІІБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында әсіресе көлік тұрақтары мен аялдамалар баса назарға алынуда.

Жол полициясы өткізіліп отырған бұл шара Алматыдағы көліктердің жолда жүру ережелерін сақтап, жүргізушінің тәртібі мен мәдениетін артыратынына сенімді. Ең бастысы - аталмыш шара нәтижесінде автотұрақтарда орын алатын апаттарды жоюға мүмкіндік тууда.

«Жүргізушілер көбінде тоқтау ережелері мен көлік тұрақтарында тәртіп сақтай бермейді. Мұның арты күтпеген апаттар мен жол бойындағы кептелістерге әкеліп соғады. Сонымен қатар жүргізушілер қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамаға да көліктерін қойып, ережелерді дөрекі бұзады. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрақтар мен қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамаларды қатаң тексеру үстінде", дейді Алматы қаласы ІІБ-ның Жол полициясы басқармасының бастығы полковник Арман Сарбасов.

ЖПБ-ның инспекторлары жоғарыда айтылған мәселелер бойынша ереже бұзған жүргізушілерді әкімшілік жауапқа тартуда. Әкімшілік жауапқа тартылғанына бір ай толмай қайта жол жүру ережесін бұзып, жол полициясының қолына түсіп жатқандар да бар.

"Аталмыш шара тұрақты түрде жүргізіліп отыратын болады. Мұндай алдын алу жұмыстары жол қозғалысының қауіпсіздігін нығайтып, апатты жағдайды төмендетеді. Жыл басынан бері Алматы ЖПБ-ның инспекторлары жол ережесін бұзған 5 мыңға жуық оқиғаны тіркеді", деп атап өтті А.Сарбасов.