Алматы саябағының басшылығы аттракционда қолын сындырып алған баланың емдік шығынын төлейтін болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының басшылығы аттракционда қолын сындырып алған баланың емдеу шығындарын төлейтін болды. Бұл туралы бүгін «Алтын Тараз» басқарушы компаниясы директорының орынбасары Владимир Калинин мәлім етті.

Алматы саябағының басшылығы аттракционда қолын сындырып алған баланың емдік шығынын төлейтін болды

«Бұл жерде ешкімнің кінәсі жоқ. Аттракцион өткен жылы Испаниядан сатып алынған. Сертификаты және басқа да құжаттары бар. «Бұқаның» мақсаты - үстіндегі адамды құлату. Аттракцион алғашында баяу жылдамдықпен қозғалады. Кейін тез қимылдайды.  Бұл жерде бала сәтсіз құлаған. Бізде негізі әрбір аттракционның алдында ескерту жазылған нұсқаулық бар. Яғни, әрбір ата-ана өз баласын аттракционға жібермес бұрын, оның шама-шарқына көз жеткізіп алуы керек. Бұл аттракционға ереже бойынша балаларды 5 жастан бастап жіберуге болады. Бірақ, біз сақтанып, 7 жастан бастап жібереміз. Ал құлаған баланың жасы 10-да. Біз оның ата-анасымен сөйлестік. Олар бізге кінә тағып отырған жоқ. Балаға қазір ота жасалды. Біз өз тарапымыздан адамгершілік тұрғысында емдеуге кеткен шығынды төлеуді жөн көрдік», - деді В. Калинин.   

Айта кетелік, бұл оқиға кеше түстен кейін «Коррида» аттракционында орын алды.