Алматы саябақтарындағы кәсіпкерлердің бірқатары салық ұйымдарына тіркелмеген
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері шағын кәсіп иелерінің салық міндеттерін атқаруын қадағалау мақсатында саябақтарды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Олар қала саябақтарында сауда жасап жатқан кәсіпкерлердің салымшы ретінде заңды тіркеуде тұрғандығын тексеріп, қолданыста болуы тиіс бақылау аппараттары мен POS-терминалдарын түгендеген.
«Орталық демалыс саябағы мен Көктөбеде заң бұзушы кәсіпкерлер көп, сол себепті тексеру жұмыстарын біз тап осы орындардан бастадық. Тексеру жүргізілген алғашқы күні-ақ 6 кәсіпкердің заңды түрде салық ұйымына тіркелмегені анықталды. Бұдан өзге 13 сауда орнында бақылау аппараты болмай шығып, сондай-ақ POS -терминалдарынсыз жұмыс істеудің 10 фактісін тіркедік», - деп хабарлайды мемллекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Барлық құқықбұзушы кәсіпкерге жіберілген қателіктің орнын толтыру қажеттігі ескертіліп, әкімшілік жауапкершілік бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шағын кәсіп субьектілерін тіркеу мерзімін өткізіп алған жағдайда 15 АЕК түрінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Сондай-ақ арнайы тексеріс шарасы кезінде салымшы ретінде тіркелмегені анықталған кәсіпкерлердің тауары мен әкімшілік құқықбұзушылық құралын тәркілеу талабы қарастырылған.
Арайлым Жолдасбаева