Алматы - «шетсіз қала»: Әсет Масабаев атқарылып жатқан жұмыстарды атады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев онлайн брифинг барысында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы-2050 Даму стратегиясына сәйкес 7 негізгі басымдықтың бірі – «шетсіз қала». Осыған байланысты, біздің алдымызда «Ақ қайың», «Көлсай», «Сұлусай», «Алатау», «Мұзтау», «Думан» шағынаудандары мен Каменское плато тұрғын алабын дамыту міндеті тұр», — деді Әсет Масабаев.
Сонымен қатар, ол «Думан» ықшамауданыңда жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын сумен жабдықтау және кәріз желілерін тарту жұмыстарының аяқталғанын атап өтті.
«Көлсай» мен «Мұзтау» ықшамаудандарында жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын сумен жабдықтау және кәріз жүйесі инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2021 жылдың наурыз айы. Каменское плато ықшамауданында, су қоймасын салу қолға алынды. Жалпы ұзындығы 15,5 шақырым болатын сумен жабдықтау және кәріз үшін инженерлік желілерді тарту 2021 жылдың 1 жартысында басталады деп жоспарланған»,– деді ол.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған жобалардың барлығы жүзеге асырылса шамамен 2500 үй немесе 7 мың тұрғын ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Медеу ауданының бірқатар көшелерінде электрмен жабдықтаудың инженерлік желілерін тарту, жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Сонымен қатар, ауданда Кіші Алматы өзенінің жаяу жүргіншілер аймағын абаттандырылып жатыр. Есентай өзенің жағалауы қалпына келтірілуде. Бұл жұмыстар 2021 толық аяқталады. Ал, Тіксай өзен арнасын қалпына келтіру жұмысы да назарда2022 жылға жоспарланған тыс қалған жоқ»,– деді спикер.
Медеу ауданы әкімінің айтуынша, бүгінгі күні интернет және ұялы байланыс 4 бағытта жетілдірілде.
«Алатау», «Мұзтау», «Кенсай» (ішінара) ықшамаудандарында қолданыстағы антенналарды жаңарту және қосымша базалық станцияларды орнату арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, операторлармен бірлесіп «Кеңсай» ықшамауданында және «Экран» аумағында антенналар мен мұнара орнатуға арналған орындарды белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқтау мерзімі – қазан айы»,– деді әкім.