Алматы-Шымкент тасжолындағы жол апатынан зардап шеккендердің саны нақтыланды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының полициясы Алматы-Шымкент тасжолының 534 шақырымында болған жол-көлік апаты бойынша тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салайық, 31 қазанда сағат 03.10-да Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының маңында 31 жолаушы мінген автобус аударылып қалған еді. 20 жастағы автобус жолаушысы қаза тапса, қалған жолаушылар түрлі жарақат алды.
Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, «Ван ХОЛ» жолаушылар автобусында 49 жолаушы мен екі жүргізуші болған.
«Автобус жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік аударылып қалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Аталмыш факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімі бойынша тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп түсіндірді құқық қорғау ведомствосындағылар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, үш зардап шегушіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда №1 қалалық ауруханаға 28 адам жеткізіліп, олардың сегізі ауруханаға жатқызылған, ал 19 адамға көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. Бір бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.