«Алматы соғыс жылдарында» атты көрме ашылды

Кездесуге еңбек ардагерлері мен Ұлы Отан соғысы тақырыбын зерттеуші, тарихшы ғалымдар және қаламыздың мектеп, гимназия оқушылары қатысты. Көрменің ашылу салтанатында еңбек ардагерлері соғыс жылдары атқарған еңбектері туралы естеліктерімен бөлісті, ал тарихшы ғалымдар тыл тақырыбының өзекті мәселелері жайында сөз қозғады. «Жеңіске жетуде, тыл майдангерлерінің ерен еңбегі зор. Әрқашан Ұлы Отан соғысы туралы сөз еткенде, олардың қосқан үлесін атап айтып отыруымыз керек», - деп атап өтті тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұмаров. Оның айтуынша, бұл шараның жастар бойына патриоттық тәрбие беруде үлкен маңызы зор.
Көрмеге алғаш рет музей қорындағы сирек кездесетін соғыс, тыл тақырыбына қатысты жәдігерлердің түпнұсқалары қойылған. Алматы қаласында жеңіс үшін қызмет жасаған кәсіпорындардың өнімдері, сонымен қатар еңбек ардагерлерінің соғыс жағдайында еңбек етіп, жеңіске қосқан үлестері үшін алған орден, медальдары да көрмеден лайықты орын алған.
Соғыс жылдарында Қазақстан аса ірі өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. Елімізге 220-дан аса мекемелер, комбинаттар, цехтар мен артельдер көшіп келіп, жұмыс жасады. Тек Алматы қаласында ғана 40-қа жуық зауыт, фабрика және цехтар орналастырылды. Олардың арасында С.М. Киров атындағы Алматы ауыр машина жасау зауыты, Карочаров механикалық зауыты, Харьков электротехникалық зауыты, Луганский паровоз жасау зауыты, кондитер фабрикасы, шұға, тоқыма және т.б. мекемелер болды. Бұл мекемелер өте қысқа мерзімде іске қосылып отырды. Теңіз миналары, торпедалар, снарядтар, аваибомбалар, ұшақтарға арналған пулеметтер, радиостансылар, шинельдер, іш-киім, тон, етіктер, азық-түлік және майданға қажетті басқа да өнімдерді Алматының еңбекқор жұмысшылары дайындап, жіберіп отырған болатын. Жұмысшылар мен қызметкерлер 12 сағаттан астам жұмыс жасап, жоспарды 2-3 есе артық орындап отырды.