«Алматы-спорт» деп аталатын жаңа газет жарық көрді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Еліміздегі спорттық мерзімді басылымдардың саны «Алматы-спорт» деп аталатын жаңа газетпен толықты,

«Алматы-спорт» деп аталатын жаңа газет жарық көрді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан спортын дамыту қоры мен ҚР Спорт журналистері одағының құрылтайшылығымен жарық көрген бұл басылымның бас редакторы Тимур Әбішев. Қазақ және орыс тілінде шыққан ілкі нөмірдің таралымы 25 мың дана. 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары қарсаңында дүниеге келген бұл газет қалалық спорт басқармасының қамқорлығымен шығарылып отыр. Ол енді айына екі рет басылып, жұртшылық арасында тегін таратылмақ. 16 бет боп шыққан спорттық бұл мерзімді басылымда қала әкімі Ахметжан Есімовтың құттықтауы және VII Қысқы Азия ойындары Алматы дирекциясының директоры Сұлтанмахмұт Шоқпытов, ауыр атлет Илья Ильин, футболшы Әлібек Бөлешев, грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рысбек Нұрғазин, «Намыс сарбазы» балалар спорт клубы» ЖШС-нің директоры Айғали Садықов, Қазақстан спортын дамыту қорының президенті міндетін атқарушы Владимир Лысенкомен болған сұхбаттар берілген. Сонымен қатар 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары өтетін Алматыдағы спорт нысандарының суреті мен Қазақстан құрамасы қатысқан қысқы Азия ойындарының тарихы, елімізде өтіп жатқан әртүрлі спорттық жарыстар туралы жаңалықтар, танымдық мақалалар және алдағы уақыта өтетін спорт жарыстары туралы хабарламалар басылған.