13:44, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматы студенттері Елбасы мен Премьер-Министрдің атына хат жолдады
АСТАНА: Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат - Алматының жоғары оқу орындарының студенттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына хат жолдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорына сілтеме жасап. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Біздер, Алматы қаласындағы он жоғары оқу орнының студенттері, қиын қаржы жағдайында қалып отырған студенттерге ақшалай қаржы бөлу жөніндегі бастаманы қолдағандары үшін Сізге және Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғыс білдіреміз. Еліміздің күрделі қаржылық жағдайды және экономикалық қиындықты бастан кешіріп отырғанын түсіне отырып, келешек ұрпаққа арналған қордан 18 миллиард теңгенің бөлінуі - дұрыс стратегиялық міндет деп түсінеміз. Біз, студенттердің оқуларына арналған ақшаны мақсатты пайдаланатынына, оны студенттер қоғамының ақтайтынына және дағдарысты лайықты еңсеруге көмектесетініне үміттіміз», делінген Қазақтың Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық технологиялық университетінің, Алматы Энергетика және байланыс институтының, Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің, Қазақтың Т.Рысқұлов атындағы Экономикалық университетінің, Қазақтың Ұлттық аграрлық университетінің, Алматы технологиялық университетінің, Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің, Халықаралық Бизнес академиясының, Қазақтың Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер институтының, Қазақтың Бас сәулет-құрылыс академиясының өкілдері қол қойған хатта.