«Алматы-Талдықорған» тас жолында келіншекті босандырған бойжеткен оқиғаның мән-жайын баяндап берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – «Алматы-Талдықорған» тас жолының бойында 1997 жылғы келіншекті босандырып алған Данара Шайхина оқиғаның мән-жайын баяндап берді. 24 жастағы болашақ дәрігер жолдың бойында дүниеге келген сәбидің кіндігін кесіп, есімін қою құрметіне ие болыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 қазан күні кешкі сағат 21:00-дер шамасында Талдықорғанға бару үшін таксиге отырдым. Көліктің иесі ерлі-зайыпты жандар екен. Жолаушының алдыңғы орындығында отырған жас келіншектің аяғы ауыр екенін де байқамадым. Көліктің артқы орнына жайғасып, ұйықтап кетіппін. Қапшағайдан біраз жол асып кеткенде шамамен сағат 23 пен 24 шамасында әйел адамның толғағы қысып жатқанын көріп, бірден босандыруға кірістім. Бар білімім мен тәжірибемді пайдаланып, баланы аман-есен босандырып алдым», - деді Данара Шайхина.

Данара Шайхина Асфендияров атындағы медициналық университеттің 7-курс студенті. Оның сөзінше, әйелдерді босандыру жағынан тәжірибесі бар. Бірақ жолдың үстінде мұндай жағдай бірінші рет болғанын айтады.

«Жол маңы қап-қараңғы болды. Бар мақсатым әйелді аман-есен босандыру болды. Көлікте ерлі-зайыпты жандармен мен ғана болдым. Дүниеге ұл бала келді. Сәбидің ата-анасы, апасы, жақындары хабарласып, алғысын жаудырып жатыр. Баланың атын қою құрметіне ие болдым. Нәрестенің есімін Әбдікәрім деп қойдым», - деді болашақ дәрігер.

Алматы облысының Ақсу ауданындағы Ақсу ауылының тумасы, талдықорғандық Д. Шайхина жедел жәрдем қызметінің мамандарына баланы қалай босандырғанын баяндап, өзінің аты-жөнін айтқан. Артынша жолшыбай көлікке отырып, Талдықорғанға жол тартқан.

Айта кетейік, әлеуметтік желі арқылы сәбидің әкесі болашақ дәрігерге іздеу салып, алғысын жаудырған болатын.

«Мен жедел-жәрдем қызметіне аты-жөнімді айтып кеткенмін. Нәрестенің туыстары маған хабарласты, алғыстарын жаудырып жатыр. Әлеуметтік желіде де жақсы пікір жазып жатқан халқыма алғысым шексіз. Гиппократ атына адал болып қызмет етемін»,- деп ойын түйіндеді Данара Шайхина.

Соңғы жаңалықтар