Алматы-Талдықорған тас жолындағы оқиғаға байланысты заңгер пікір білдірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы-Талдықорған тас жолында «Крис П» фоторадар кешені үшін полицейлерге талап қойған көлік жүргізушінің әрекетіне орай заңгер Есімбол Мамырқанов пікір білдірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің көзқарасым бойынша, жүргізушінің талабы заңсыз. Себебі, КРИС-П құрылғысы ол - жылжымалы. Сондықтан, оның қойылғандығы жөнінде белгі орнату қажет емес. Ол құрылғы белгілі бір жылдамдық шектелген жерлерге қойылады. Ал полицейлердің құрылғыны жинап, жүргізушіге заңды түрде жауап бере алмаулары, олардың құқықтық сауаттылығы төмен болуынан, жағдай осылай болған шығар»,- деді заңгер Есімбол Мамырқанов.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтар күні Алматы-Талдықорған тас жолында көлік жүргізуші жол жиегінде тұрған полиция қызметкерлеріне шүйлігіп, «Крис П» фоторадар кешенін алып тастауды талап етті. Видео авторының сөзінше, «Крис П» құрылғысын қойғанда оның орнатылғандығы жөнінде белгі болу керек. Алайда, өз әрекетін түсіндіре алмаған құқық қорғаушылар жүргізушінің талабын орындап, «Крис П» құралын қызметтік көліктің жүксалғышына салуға мәжбүр болды. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір осы видеодағы жайтқа байланысты тексеру жүріп жатыр.
«Тәртіп сақшылары мен жүргізуші арасындағы түсініспеушілікке қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша жағдайға құқықтық баға берілетін болады», - деді Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.