Алматы-Ташкент тас жолындағы дәмханалардың бірінің жанында болған атысқа би кешіндегі жанжал себеп болған - ІІМ
ТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алматы-Ташкент тас жолындағы дәмханалардың бірінің жанында болған атысқа би кешіндегі жанжал себеп болған. Бұл туралы бүгін елордада ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның айтуынша, 18 шілде күні түнде Мерке аудандық полиция бөліміне Алматы-Ташкент тас жолындағы дәмханалардың бірінің жанында атыс болып жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Полиция қызметкерлері оқиға орнынынан оқ тескен «Мерседес бенц» автомашинасын, сондай-ақ, сол жерден Мерке ауылының бір тұрғынының мәйітін тапқан.
«Мерке ауылының медициналық мекемесіне 19 бен 35 жас аралығындағы осы ауданның 6 тұрғыны жеткізілді, олардың біреуі сәл кейінірек қайтыс болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжал көрші елді-мекендердің жас тұрғындары арасында ауылда өткен би кешінен кейін орын алған», - деді ол.
ІІМ өкілінің атап өтуінше, қазіргі уақытта жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, оларды ұстау шаралары қабылдануда.