Алматы тауларында аяғын сындырып алған Ресей азаматы құтқарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Құтқарушылар Алматы тауларында аяғын сындырып алған Ресей азаматшасын зембілмен алып түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы тауларында аяғын сындырып алған Ресей азаматы құтқарылды

Республикалық жедел құтқару жасағының кезекшілік-диспетчерлік бөлімшесіне 12 мамырда әйел адам көмек сұрап хабарласқан.

Ресей азаматшасы Ақсай шатқалында серуендеп жүріп, аяғын сындырып алған.

Жедел қызмет кезекшісі әйелдің отырған жерінің қай жерде орналасқанын анықтап алған. Оқиға орнына 8 адамнан тұратын құтқару жасағы мен кинологиялық қызмет өкілдері жіберілді.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем өкілдері әйелге алғашқы көмек көрсетті. Құтқарушылар оны тау етегіне зембілмен түсіріп, ауруханаға жеткізді.

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі тауға, табиғат аясына серуенге жалғыз шықпауға, туыстарына баратын жері туралы айтып кетуге кеңес береді.

«Егер құлап қалған соң жүргенде немесе бір затқа сүйенгенде ауырсыну байқасаңыз, бір орында қозғалмай отыруыңыз керек», - делінген хабарламада.