Алматы тауларында қыс басталғалы 35 мәрте қар көшкіні жүрген
Спикердің мәліметінше, профилактикалық түсірілген қардың жалпы ауданы 2460 текше метрді құрады.
«Бүгін таңғы сағат 07.00-дегі жағдай бойынша Кіші Алматы өзені алабында қар жамылғысының биіктігі: Медеу бөгеті ауданында - 36 см, Мыңжылқы - 50 см, Қотырбұлақ өзені алабында 69-120 см. Үлкен Алматы өзені алабы бойынша қар жамылғысының биіктігі 9-дан 78 см-ге дейін. Ақсай және Қарғалы өзені алабында қар жамылғысының биіктігі – 4 см, Ақсай-Ақжар бақылау бекетінде - 6 см», - деді Самат Дәуленканов.
Ол метеорологиялық, қар көшкіні жағдайы өзгерген жағдайда және қар түрінде қатты жауын-шашын кезінде қар көшкіні жүруі мүмкін екенін айтты.
«Қар көшкінінің алдын алу үшін орталық аппараттың ұсынысымен блокпостар қойылып жатыр. «Медеу-Шымбұлақ» және «Алматы-ҮАК» автожолдарына, басқа да қауіпті аймақтардағы жолдар қар көшкіні қаупі жағдайында жабылып, блокпост қойылуда. «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану-техникалық басқармасында 32 адам, 21 арнайы техника дайын тұр», - деді спикер.
Сондай-ақ оның міліметінше, қазіргі уақытта қызмет көрсету аймағы бойынша топырақтың қатуы: Үлкен Алматы өзені алабында – 10 см, Кіші Алматы өзені алабында – 28 см, Ақсай өзені алабында – 20 см, Қарғалы өзені алабында – 18 см.