Алматы тауларында жарақат алған турист құтқарылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы тауларында жарақат алған туристке қалалық құтқару қызметінің құтқарушылары көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
8 ақпан күні сағат 18.05-те Алматы қалалық құтқару қызметінің «109» нөміріне зардап шеккен адамға көмек қажеттігі туралы туристерден қоңырау түскен.
Анықталғандай, туристер Қимасар шатқалынан төмен түсіп келе жатқанда 20 жастағы жігіт аяғын қайырып алып, өздігінен қозғала алмай қалған. Оқиға орнына 4 адамнан тұратын құтқару тобының экипажы шықты.
Шатқалға жеткен құтқарушылар Қимасар асуына теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікке көтерілді.
«Құтқарушылар тобы туристерді тауып, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін олар туристі төмен алып түсті. Аяғынан жарақатап алған жас жігіт құтқару қызметінің жедел көлігімен №12 клиникалық емханаға жеткізіліп, медициналық қызметкерлерге тапсырылды», - деп хабарлады қалалық құтқару қызметінен.
Өз кезегінде зардап шеккен адам құтқарушыларға ризашылықтарын білдірді.