Алматы тауындағы өрттің беті қайтарылды
«Алматы қаласында табиғи өртті сөндіру жұмыстарына күштер мен құралдардың топтары жоғары дәреже бойынша жұмылдырылған, өрттің таралуын жою бойынша жұмыстар жүргізілді. Сағат 17:53-те өрттің таралуын тоқтатуға қол жеткізілді», - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға орнында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның екі тікұшағымен 30 рет су ағызылды (90 тонна). Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігі 109 құтқару қызметінің МИ-8 МТВ тікұшағы көтерілді.
Оқиға орнында ТЖД 62 жеке құрам қызметкері және 5 техника, МҰТП қызметкерлері – 42 адам өртті сөндіріп жатыр.
Еске салайық, 7 мамыр күні сағат 23:52-де Алматының Медеу ауданы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы, Кіші Алматы орманшылығының тау баурайында құрғақ шөп пен құлаған ағаштардың тұтанғаны анықталды.
Отпен күрес кезінде өрт сөндіруші мерт болды. Тағы бір құтқарушы жарақат алды.