«Алматы – Тель-Авив» бағытында ұшақ қатынай бастайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 қыркүйектен Алматыдан Израильдің Тель-Авив қаласына ұшақ қатынай бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті қазақстандық әуе компаниялармен бірлесіп ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде.
Биылғы жылдың 7 қыркүйегінен бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Airbus 321 үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 2 рейс (бейсенбі және жексенбі) жиілігімен Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр», - делінген хабарламада.
Мәлім етілгендей, Қазақстан мен Израиль арасындағы әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік бермек.