Алматы түбінде апатқа ұшыраған «СКАТ» ұшқыштары Қазақстан қолдамаған шетелдік оқу орталықтарында білім алған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы түбінде апатқа ұшыраған «СКАТ» ұшағының ұшқыштары Қазақстан қолдамаған шетелдік оқу орталықтарында білім алған.
Бұл туралы ҚР Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, Алматы облысында 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің қаза табуына себеп болған «СКАТ» әуе компаниясы» АҚ-ның «CRJ-200» маркалы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталған. Оған сәйкес, ұшақтың апатқа ұшырауына ұшқыштардың жіберген кемшіліктері мен Авиакомпанияның ұшу жұмысын жеткіліксіз ұйымдастыруында да тікелей себеп, байланыс бар.
Ұшу экипажы Қазақстан қолдамаған шетелдік оқу орталығында білім алған; ұшқыштар алдын ала дайындық және біліктілік арттыру курстарынан өтпеген, авиакомпания үнемі, сонын ішінде оқиға болатын күні ұшқыштардың еңбек және демалу режімдерін сақтамаған.
Аталған жұмыс саласына Авиакомпанияның ұшу қызметінің директоры жауапты. Қазақстан Республикасы Қылмысты кодексінің 344 бабының 3 бөлігімен күдікті ретінде танылған Авикомпанияның ұшу қызметі директорына қатысты қылмыстық іс 2015 жылғы 10 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың 29 қаңтарында «СКАТ» әуе компаниясының «Көкшетау-Астана» рейсін орындайтын CRJ-200 ұшағы Алматыға жете бере апатқа ұшыраған болатын. Соның салдарынан 21 адам, оның ішінде 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі қаза тапқан еді.