11:18, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алматы туралы ән мен жыр кітабы жарық көрді
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат. Жақында «Өлке» баспасынан «Алматым жүрегімде» атты жаңа кітап жарық көрді.
Жинаққа Алматы қаласы туралы поэзиялық және музыкалық шығармалар топтастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елбасының «Алматы ? Қазақстанның өткені мен бүгіні. Ол ? болашақ тарихынан да берік орын алатын қала. Өйткені біздің Тәуелсіздігіміздің тұсауы осы қалада кесілді. Алматы ? тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш астанасы» деген жүрекжарды сөзі әрқайсымыздың көңілімізде сайрап жатқаны шүбәсіз. Міне, жинақты құрастырудағы мақсат осы үдеден шығып тұрғандай. «Алматы жыр, Алматы ән, Алматы тарих» атты алғысөзде аталмыш жинақтың қазақтың көрнекті ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің «Алматы» атты өлеңімен ашылып отырғаны баяндалады. Ақын бұл өлеңін 22 жасында жазыпты. Міне, содан бері 80 жыл өтіпті! Тарих дегеніміз ? осы, жырдың құдыреті дегеніміз ? осы! Қаншама жыл өтсе де Алматы туралы поэзиялық та, музыкалық та туындылар толастамасы анық. «Поэзия» деп аталатын алғашқы бөлімге қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері М. Хакімжанова, Ғ. Орманов, Д. Әбілев, Т. Жароков, Ә. Тәжібаев, Қ. Аманжолов, М. Мақатаев, Т. Айбергенов, Т. Молдағалиев, Ф. Оңғарсыновалармен бірге кейінгі толқын ақындардың өлеңдері іріктеліп енгізілген. Ал «Әндер» бөлімінде Н. Тілендиев, Ә. Еспаев, Ғ. Жұбанова, Ш. Қалдаяқов, І. Жақанов, Ә. Бейсеуов, Е. Хасанғалиев, К. Дүйсекеев, А. Қоразбаев сияқты белгілі композиторлардың әлі күнге дейін орындалып жүрген тамаша шығармалары нотасымен қоса берілген. Ару қала Алматы туралы ән мен жыр кітабы қалың жұртшылықтың рухани қазынасына айналып қана қоймай, жас ұрпақтың көкейіне ұлттық рух, ұлттық мақтаныш сезімін ұялатуға қызмет етеді деп сенеміз.