Алматы туралы төрт кітап жарық көрді
trong>Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін қала күніне орай қазақ және орыс тілдерінде «Алматы тарихы»атты кітаптың 1-2-ші томдары, «Алматы энциклопедиясы», «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы - мың жылдық тарих» атты шығармалардың таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кітаптарды ҰҒА-ның Марғұлан атындағы Археология, Сүлейменов атындағы Шығыстану, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының мамандары бірлесіп дайындаған.
Туындылар түрлі дерек көздерін негізге ала отырып, қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түйінді сәттері жаңа көзқараста тұжырымдалып жазылған.
«Біз бұған дейін 7 үлкен ғылыми конференция өткізгенбіз. Осы басқосулардың нәтижесінде аталмыш кітаптар шығып отыр. Бұл басылымдардың жарыққа шығуы Алматытануды дамытудағы зор оқиға. Себебі бұған дейін Алматы тарихын зерттеуде қазақ тілінде салиқалы еңбектер болған жоқ. Жаңа шығармалар қаланы тануда алматылықтар мен қала қонақтарына жолбасшы бола алады», дейді Алматы қаласы тарихы мұражайының директоры Ерболат Әуезов.
«Үш институттың 4 жылдық үлкен ғылыми жұмысының арқасында бірінші рет қазақ тілінде 2 томдық Алматы тарихынан сыр шертетін кітап, 350 эксклюзивті фотосуреттер мен 32 түрлі-түсті суреттен тұратын алматытану энциклопедиясы, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Солтүстік Шығыс Жетісудың Алматы, Талхир, Қойлық қалаларына жүргізілген жаңа археологиялық зерттеулердің мәліметтері жинақталған «Жетісудың ортағасырлық астаналары», мың жылдық тарихы бар Алматыны айқындайтын «Алматы - мың жылдық тарих» атты туындылар дүниеге келіп отыр. Алға қойған мақсатымыз «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында жүзеге асты» дейді Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институт директорының орынбасары Қайдар Алдажұманов.
Сондай-ақ кітаптарды таныстыру рәсімі барысында Қазақстан астанасының Қызылордадан Алматыға көшірлуіне 80 жыл толуына орай «Алматы - 80 жылдық тарихы (1929-2009)» атты көрме ұйымдастырылды.