Алматы тұрғындары отандық вакцинаны салдыра бастады
Бүгін Алматыға вакцинаның 1 және 2 компонент бойынша 6000 доза берілді. Бұл препарат 3000 адамды вакциналауға жеткілікті.
«Қаладағы емханаларға QazVac вакцинасының 100 дозасы таратылды. Алдын ала жазылған адамдар қазір вакцина салдыруға келіп жатыр. Яғни, тұрғындар бұл вакцинаны күтті деген сөз. Біздің емхана отандық вакцинаны салуды бүгін бастап кетті. Қазір 9 адамға вакцина егілді, тағы 3 адам кезекте тұр», - деді Алматыдағы №4 қалалық емхананың бас дәрігері Зухра Умарова.
Оның айтуынша, алматылықтар қай вакцинаны таңдайтындарын өздері шешеді.
«Осы уақытқа дейін «Спутник V» вакцинасын алсақ, бүгін бізге қазақстандық вакцина жеткізілді. Енді адамдардың таңдау мүмкіндігі бар», - деді ол.
«Спутник-V» сияқты, ол да екі компонентті және 21 күндік интервалмен енгізіледі.
Бұған дейін, ҚР клиникалық және іргелі медицина академигі, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев «QazVac» вакцинасы вирустың мутацияланған штамдарына төтеп бере алатынын айтқан болатын.











