Алматы тұрғындары соңғы екі күн ішінде 100 литр қан тапсырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Алматыда лаңкестік әрекет салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қала тұрғындары екі күн ішінде 100 литрден астам қан тапсырды.

Алматы тұрғындары соңғы екі күн ішінде 100 литр қан тапсырды

Бұл туралы бүгін Алматыда брифинг барысында Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Нұржан Исабеков хабарлады. 

«Әлеуметтік желілерде лаңкестік әрекет салдарынан зардап шеккендерге қан жетіспей жатыр дегендей жалған ақпараттар таратылып жатыр. Шын мәнісінде қан жетеді. Барлық зардап шеккендерге толықанды кешенді медициналық көмек көрсетілуде. Кеше ерікті түрде  221 адам келіп қан тапсырса,  бүгін  күндізгі сағат 14:00-дегі жағдай бойынша 219 адам қан тапсырды. Олардың арасында қала тұрғындары, жастар, студенттер, дәрігерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері және  әскерилер бар», - деді Нұржан Исабеков.

Сонымен қатар, оның айтуынша, зардап шеккендердің барлығы дерлік кеуде тұстарынан, іштен және аяқ-қолдарынан жарақат алған.

Сонымен қатар, бас оташы ұсталған күдіктінің Хирургия ғылыми-зерттеу институтынан тергеу абақтасына ауыстырылғандығын айтты.

«Күдікті тергеу абақтысына ауыстырылды. Ол кеуде және ішінен жарақат алған», - деді Н. Исабеков.