Алматы тұрғындарына халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау шаралары түсіндірілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына қолдау көрсету шараларын түсіндіру бойынша жиын өтті.
«Қазіргі таңда елімізде «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мұнда басты мақсат - жұмыспен қамту арқылы тұрғындардың табысын арттыру. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, Дағдарысқа қарсы жоспардағы бұл бағдарлама үш бағытты қамтиды. Алматы қаласы оның екеуін жүзеге асырады. 2016 жылы жергілікті бюджеттен оған 172,9 млн теңге бөлінді.
Негізі әлеуметтік жұмыс орындары мақсатты топтардағы адамдарға арналған (жұмыссыздар, жұмыссыз жүргендеріне 6 ай болғандар, еңбекке жарамды мүгедектер, жетім балалар, зейнет жасына шығар алдындағы азаматтар, түрмеден босап келгендер).
Жоғары оқу орындары және орта кәсіптік техникалық оқу орындарының түлектері үшін арнайы жастар іс-тәжірибесі қарастырылған. Практика барысында 38 178 теңге (18 АЕК) көлемінде жалақы төленеді. Практикадан кейін оған қатысушылардың 70 пайызы жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстары жүргізіледі. Осы бағдарламадан өту барысында оған қатысушыларға 13 407 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді», - деді Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығының директоры Орымқыз Жібекенова.
Сондай-ақ, жиында сөйлегендер «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру жұмысының одан әрі жалғасатындығын жеткізді. Бұл жоба бойынша еңбекке жарамды мүшелері бар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетіледі. Жоба 2015 жылы қолға алынған болатын.
Айта кетелік, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап, денсаулық сақтау және білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға дейін, әлеуметтік қамсыздандыру саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін өсті, сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі де ұлғайды.
Өз кезегінде Алматы әкімдігі тарапынан да жыл сайын азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау мақсатында қомақты қаржы бөлінеді.
Мысалы, осы өткен қаңтар айынан бастап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және соларға теңестірілгендер, жасы 75-тен асқан зейнеткерлер, 1-2-ші топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар және көпбалалы аналар қоғамдық көліктерде тегін жүре алады.