Алматы тұрғындарынан ойынханалардың заңсыз жұмыс істейтіндігі туралы 47 ақпар келіп түсті

АЛМАТЫ. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда «Ойын бизнесіне жол жоқ» акциясының аясында қала әкімдігінің сенім телефонына және ресми веб-сайтының пошта жәшігіне заңсыз жұмыс істейтін ойын залдары туралы 47 хабарлама келіп түскен.
None
None

Тұрғындардың осындай ақпарлары Ішкі істер департаменті мен экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шаһардың Ішкі істер департаментінің деректері бойынша, 2009 жылдың 6 қазаны мен 30 қазаны аралығында ІІД және прокуратура қызметкерлері бірлесіп жасырын ойынханаларды анықтау бойынша бірқатар жедел тергеу іс-шараларын жүргізді.

Жүргізілген жұмыстар шеңберінде бірқатар ойынханалар әшкереленіп, тәркіленген ақша мен ойын аппараттары арнайы қоймаларға орналастырылды. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңын бұзу фактілері бойынша материалдарды прокуратура сотқа тапсырды.

Алматы қаласының әкімдігінде сенім телефоны және әкімдіктің веб-сайтында электрондық  пошта жәшігі тұрақты жұмыс істейді. Заңсыз жұмыс істейтін ойын залы туралы хабары бар кез-келген тұрғын сол мекен-жайлармен байланыса алады.

Осы орайда, Алматы әкімдігі ойыншыларға ұтысты ақшалай түрде беретін ойынханалар туралы ақпараттарды төмендегідей мекен-жаймен байланысып, беруге болатындығын хабарлайды - сенім телефоны: 250-78-14, электрондық пошта: avtomat@a-a.kz

Соңғы жаңалықтар