Алматы тұрғыны 40 жылдан кейін темекіні тастады

None
Фото: www.nzz.ch
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Темекі шегуді бозбала шақта бастаған 68 жастағы алматылық 40 жылдан кейін одан бас тартты. Бұл туралы қалалық психикалық денсаулық орталығының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар Рахменшеевтың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын шылымға құмар азамат жүрек сырқатымен ауруханаға түскен.

Дәрігерлер оған денсаулығына қауіпті әдеттен бас тартпаса, жүрек қан тамырлары ауруы асқынып, одан аман қалуы екіталай екенін ескертті.

«Алматы тұрғыны 40 жылдан кейін темекіге тәуелділіктен құтылды. 8 жылдан бері темекіні аузына алмайды. Қазір денсаулығы жақсы. Тәуелділіктен арылу оңай емес. Дегенмен, емі бар. Мұндай кезде дәрі-дәрмек тағайындаймыз. Орталықта тұрғындарға психологиялық, психотерапиялық көмек көрсетіледі. Ең бастысы шылымға құмар азаматтың «бас тартамын» деген ниеті болу керек. Егер емделушінің темекіден бас тартуға ниеті болмаса, емнің пайдасы болмайды», -дейді орталық директоры Сапар Рахменшеев.

Сонымен қатар, дәрігер темекі мен насыбайдың құрамындағы зиянды заттардың ешқандай айырмашылығы жоқ екенін атап өтті.

«Көбінесе көк түтінге тәуелді жандар насыбайды тұтынып, шылым шегуден құтылдым деп ойлайды. Өкінішке қарай олардың құрамындағы зиянды заттардың ешқандай айырмашылығы жоқ. Шылым шеккенде никотин қанға өкпе арқылы тарап, ағзаны улайды. Өкпе тазарады деген мәлімет жалған. Насыбай атқанда зиянды заттар ауыз қуысының қан тамырлары арқылы қанға түсіп, ауыз қуысының, өкпенің, асқазанның қатерлі ісігінің пайда болуы мүмкін. Өйткені насыбайдың құрамында тауықтың қиы, әктің суы, сексеуілдің күлі, қараағаштың шайыры ,темекінің жапырағы бар. Насыбай атқан адам да никотинге тәуелділіктен зардап шегеді. Қазіргі таңда сәнге айналған электронды темекі де қауіпті», -дейді маман.

Шылымқұмарлар он жылда темекіге 2,7 млн теңге шығындайды.

«Темекі шегу ағзаны аздырып, ми қызметін әлсіретіп, ерте қартаю үдерісін жеделдетуге әсер ететін улы түтін. Шылымқорлардың отбасылық бюджетіне әкелетін шығыны да қомақты. Елімізде бір қораптың орташа бағасы - 750 теңге. Никотинге тәуелді адам күніне бір қорапты тауысып, айына 22500, жылына 270 000 теңге көк түтінге жұмсайды. Ал он жылда 2,7 млн теңге шығындайды»,- деп атап өтті Сапар Рахменшеев.


Соңғы жаңалықтар