Алматы тұрғыны саябақтағы орындықты бұзып, үйіне алып кеткен
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ер адам үйін жылыту үшін саябақтағы орындықтың ағаштарын бөлшектеп, алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Facebook қолданушыларының бірінің жазуынша, оқиға Алатау ауданының Қарасу шағын ауданында болған. Жас жігіт жаңадан салынып жатқан саябақтағы орындықты бөлшектеп, үйіне алып кеткен.
«Біздің қоғамда не болып жатыр? Үш жылдан бері Қарасу тұрғындары көлді тазалап, саябақ салдыруға барын салды. Не үшін? Бір адам пешіне от жағуға бір түнде орындықты бөлшектеп алып кету үшін бе?», - деп жазған пост авторы құқық бұзушымен әңгіме барысынан видеоны қоса жариялаған.
Өз кезегінде қалалық Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Күдікті ұсталды. Ол 1992 жылы туған У. есімді жергілікті тұрғын. Ол өз кінәсін толық мойындады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.