Алматы тұрғыны ұрланған көлікпен 1 адамды мерт қылды

Хмельницкий мен Гете көшелерінің қиылысында болған жол-көлік апаты көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалды.
«102» пультіне Toyota Land Cruiser Prado көлігінің ұрланғаны туралы ақпарат келіп түсті. Оның иесі көліктің Сейфуллин даңғылының бойында тұрғанын хабарлады. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол шаһардың 20 жастағы А.есімді тұрғыны болып шықты. Камералардан ұрланған көліктің үлкен жылдамдықпен қозғалғандығы анық көрінеді. Апат салдарынан Grand Cherokee көлігінің 19 жастағы жолаушысы ауруханада көз жұмды, ал жүргізуші әлі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Toyotа жүргізушісі жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кетті. Анықталғандай, ол мас болған», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық әрекетті құжаттандыру шаралары жүргізілуде. Аталған факті Қылмыстық кодекстің үш бабы: ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі, 347-бабы және 200-бабы 3-бөлігі бойынша тергелуде. Қаскөй уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ, оның бұған дейін екі рет сотты болғаны анықталды.