«Алматы-Түркістан» веломарафоны Түркістан облысына келіп жетті
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Алматы қаласынан басталған «Алматы-Түркістан» веломарафоны қасиетті Түркістан облысына келіп жетті. Марафоншыларды Жамбыл облысының шекарасынан Түлкібас ауданы жұртшылығы күтіп алып, қонақжайлылықтарын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шара барысында аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері патриоттық әндер шырқап, қонақтарға Түлкібастың алмасы мен әр түрлі тағамдар ұсынды.Спортшыларды күтіп алған аудан басшылары оларға құрмет көрсетіп, ізгі тілектерін жеткізді.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әр қазақстандық жаңғыруды өзінен бастау қажеттігін айтқан болса, бүгінгі веломарафонға қатысушыларымыз елімізге ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болатындай шараға атсалысып, жаңғырудың айқын үлгісін көрсетуде. Осы жерде ерекше айтарым, өмірдің ауыр тауқыметің басынан өткізген зағип жандарымызбен арбаға таңылса да, өмірден түңілмей қоғамдық шаралардан қалыс қалмай жүрген азаматтарымызға барша түлкібастықтар атынан ерекше құрмет пен алғыс білдіремін», - деді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Б.Ахметов.


