Алматы турнирінің финалына шыққан теннисшілер анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы ITF W25 турнирінің финалына шыққан теннисшілер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 484-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы Жібек Құламбаева жартылай финалда Беларусь өкілі Дарья Хомутянскаямен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші жартылай финалда ресейлік Екатерина Маклакова отандасы Амина Аншбаны 6:4, 0:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, финалда Ж.Құламбаева мен Е.Маклакова бас жүлдені сарапқа салады.

Жібек сондай-ақ жұптық сында да финалдық кездесуін өткізеді.

Тағы бір қазақстандық Бейбіт Жукаев Таиландта челленджер турнирінің финалына шыға алмай қалды. Ол жартылай финалда франциялық Артур Казоға есе жіберді – 1:6, 6:7 (6:8).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық қос жасөспірімнің іріктеу жарысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.


Соңғы жаңалықтар