«Алматы Туры - 2018» халықаралық веложарысының жеңімпазы анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Astana Pro Team командасының мүшесі испандық Луис Леон Санчес «Алматы Туры - 2018» көпкүндік веложарысының екінші кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ақпараттық және спорттық ХАБ-қа сілтеме жасап.

 «Алматы Туры - 2018» халықаралық веложарысының жеңімпазы анықталды

Ол мәре сызығын 4 сағат 11 минут және 35 секундта кесіп өтті. Одан кейін төрт секунд айырмашылықпен Делио Фернандес (Delko Marseille) келді. Ал үшінші орынға бірінші кезеңнің жеңімпазы Давиде Виллелла жайғасты.

«Жарыс қиын болды. Бүгін команда жақсы жұмыс істеді және соның арқасында жеңіске жеттім. Жігіттер маған жұмыс істеді, негізі жоспар басқаша болған. Бірақ жеңіске жеткеніміз үшін қуаныштымын. «Тур дэ Франс» веложарысында алған жарақатымнан кейін қалпыма келдім, өзімді жақсы сезінемін. Екінші кезеңде көтерілу ауыр болды. Бірақ мен Андоррада тұрамын, ол жакта да таулар бар және сол таулы аймақта жаттығамыз. «Алматы Туры - 2018» Италияда болатын жарыстың алдындағы жақсы дайындық болды», - деді екінші кезеңнің жеңімпазы Луис Санчес.


«Алматы Туры - 2018» веложарысының бүгінгі екінші кезеңі «Halyk Arena» көпфункционалды кешенінің аумағынан басталып, Медеу шатқалында аяқталды. Әр елден келген 19 клубтың өкілдері 160 шақырымды бағындырды. Қазақстан атынан жарысқа 4 команда қатысты.

Екінші кезеңнің нәтижесі бойынша  Давиде Виллелла жалпы жіктеу бойынша жеңімпаз атанды, ал Юрий Натаров (Ұлттық құрама) үздік қазақстандық шабандоз деп танылды.



Оларды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев пен Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Баталов құттықтады.

Халықаралық веложарыстың жалпы жүлде қоры 40 мың еуро болды. 

Еске сала кетсек, кеше «Алматы Туры-2018» көпкүндік веложарысының бірінші кезеңінде  Astana Pro Team велошабандозы Давиде Виллела жеңіске жеткен болатын.