«Алматы туры»: «Еуроспорт» веложарысты тікелей эфирден көрсетеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Тамыз айының соңғы күндері Алматыда Орталық Азия елдерінде танымал «Алматы туры» веложарысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы туры»: «Еуроспорт» веложарысты тікелей эфирден көрсетеді

Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылатын жарыстың уақыты 30 – 31 тамыз күндеріне белгіленіп отыр. Бұған дейін қыркүйек және қазан айларында өткізіліп келген болатын.

«Алматы турының» негізгі бағыт-бағдары сақталады. Дегенмен, кейбір жолына өзгерістер енгізілмек. Бұл жолы оның біршама бөлігі асфальтты жерді құраса, қалғаны таулы аймақта өтеді. Яғни, велошабандоздар «Медеуге» апаратын жолды бағындырып көреді.

«Ал енді жарыстың өту мерзіміне келсек, биыл ыңғайлы уақытты алып отырмыз. Себебі, бұл жарыс басталғалы бері күздің қара суығында өтіп келді. Кейіннен кыркүйекке ауыстырылды. Халықаралық велошабандоздар қауымдастығы (UCI) жарысты өткізуге қолайсыз уақытты беріп келді. Ол кезде көп жағдайда шабандоздардың барлығы Әлем чемпионатына кетіп қалатын. Биыл енді тамыз айында өтетіндіктен додаға мықты шабандоздар келеді деген сөз», - дейді ұйымдастырушылар.

«UCI «Алматы турына» көпшіліктің көңілі түсіп, тіпті қала әкімдігінің осы жарысқа көп назар бөлетінін байқап отыр. Ал біз өз кезегімізде жарысқа танымал шабандоздарды шақырып, доданың абыройын арттыра беру үшін қызмет ете бермекпіз», - деді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аманбек Кульчиков.

Сонымен қатар, оның айтуынша, алғашқы күні жарыс қаланың негізгі даңғылдарында және көшелерінде өтеді.

Алғашқы кезеңі «Индустриалды парктен» басталып, «Алматы Арена» жанында мәреге жетеді. Жалпы ұзақтығы - 118 шақырым.

Екінші күні шбандоздар қайтадан әл-Фараби даңғылына оралады. Онда олар Шығыс айналма жолы арқылы 4,5 айналым жүреді де, «Медеу» мұз айдынына қарай беттейді. Екінші жарыс күнінің ұзақтығы 160 шақырымды құрамақ.

UCI тәртібіне сейкес бұл жарысқа кәсіпқой, жартылай кәсіпқой, ұлттық құрамалар әрі конти командалар қатыса алады. Еліміздің кәсіпқой командасы Astana Pro Team да қатысуды жоспарлауда. 2019 жылғы сайыста барлығы 21 команда бақ сынайтыны күтілуде.

Негізгі көрсетілімді «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары жүргізеді. Ал жарыстың екінші күнінде 60 миллионға жуық көрермені бар «Еуроспорт» арнасы қосылатын болады.

Ұйымдастырушылар - Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан велосипед спорты федерациясы, Велоспортты қолдау және дамыту қоры.