«Алматы турын» бір күннен тұратын әр түрлі екі веложарысқа айналдыруға болады - А. Винокуров
Бұл туралы бүгін Алматыда «Алматы туры-2015» халықаралық веложарысы қарсаңында өткізілген баспасөз мәслихаты барысында «Astana Pro Team» вело командасының бас менеджері, ҚР велосипед спорты федерациясының вице-президенті Александр Винокуров мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл ұпайлық тұрғыдан алып қарағанда Қазақстан құрама командасына өте тиімді.
«Бір күндік жарысқа қатысқаны үшін ұлттық құрама командаларға Халықаралық кәсіпқой велоспорт федрациясы тарапынан шамамен 40 ұпай беріледі. Ал көпкүндік жарыстарда керісінше ұпай аз. Өйткені, оларда көп ұпай алу үшін жалпы есепте жеңіске жету қажет. Бұл оңай емес. Сондықтан бізге бір күннен тұратын әр түрлі екі веложарыс маңызды. Бұған аса көп те шығын кетпейді. Спортшылар қонақ үйде әрі кетсе екі күн ғана болады. Оның үстіне көшелерді жауып, тұрғындарға ыңғайсыздық туғызудың да қажеті болмайды. Басқа жолды қарастыруға болады. Мысалы, Қапшағай қаласынан «Медеу» спорт кешеніне дейінгі аралықты пайдалануға әбден болады. Қапшағайдан жарыс жолына шыққан велошабандоздар «Медеу» спорт кешені алдында мәре сызығынан өтеді. Біз осындай жарыстарды өткізуге мүдделіміз. Мұны алдағы уақытта Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп талқылайтын боламыз», - деді А. Винокуров.